Шымкентте баласын күрекпен ұрған тұрғынға қатысты прокурор мәлімдеме жасады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте баласының басын күрекпен ұрған тұрғын әлі қамауға алынған жоқ. Оның әрекеті қылмыстық емес, құқық бұзушылық санатына жатады.
Шымкент қаласына қарасты Еңбекші ауданының прокуроры Марат Сматов бүгін осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Аудан прокурорының сөзінше, 49 жастағы тұрғын баласына ашуы келіп, оны тәртіпке салмақ болған. Өйткені ол жұмыссыз болғандықтан жалданып нәпақа табады екен. Тіпті сол күні де ол жалдамалы жұмыс істеп жүріпті.
«Әлеуметтік желіде айтылғандай, ер азамат баласын күнде көгертіп ұрады екен, суға салып қояды екен деген сөздер шындыққа жанаспайды. Ол жерде бір нәрсені түсініп, жеткізу керек. Ол жерде бір нәрсені түсініп, жеткізу керек. Қарабаев Пернебек Алтынбекұлы 2012 жылы туған баласы Алтынбек Қасымбек Пернебекұлын бір жас алты айынан жалғыз өзі тәрбиелеуде. Ол жыл сайын әр жерде жалдамалы жұмыс жасайды, үйіндегі тамағын да өзі істеп отыр. Жұмыссыз. Ауыртпалық әр жерде болады ғой, жалданып жұмыс істеп тұрған жерінде баласы бұзықтық жасап, үй иесінен сын ескертпе алған. Әкесінің жұмысына кедергі келтірген. Біз ол бейнежазбаны қарап шыққанымызда, баланың басынан күрекпен сәл-сәл тигізіп ұрған да, артынша шапалақпен тартып жіберген. Одан не үшін баланы ұрдың деп сұрағанымызда үй иесінен ескерту алған соң, баламды осылай тәртіпке шақырдым деді. Баламды кішкентайынан өсіріп келе жатқанда жамандық жасамаймын ғой деп бізді сендірді»,-дейді Марат Сматов.
Қадағалаушы орган өкілі сондай-ақ бұл бейнежазбаны уақытша жұмыс берген азаматша Қыз-Жібек Әлімжанова түсіріп, әлеуметтік желіге салғанын айтты. Психологтар баладан жауап алу барысында ол әкесіне реніші жоқ екенін жеткізген. Қалай болғанда да қазіргі кезде тергеу шаралары жүргізілуде екен.
«Қазіргі кезде тексеру жүргізіп жатырмыз. Бұл іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Баланың қандай дене жарақаты бар, соны анықтап алып, тиісты шара қолданатын боламыз. Мүмкін ол жарақат ауыр ма, әлде жеңіл ма, мүлдем жоқ па сол жағын анықтап алуымыз керек. Одан кейін бұл істі қылмыстық құқық бұзушылық қатарына жатқызамыз. Баланың әкесіне қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ әлі. Қашып та кетпейді. Баланы әкесінен бөліп алғанда да кім әкесіндей қарайды оған. Әкесі тергеуге де келіп жатыр, жауап та беріп жатыр»,-деді Еңбекші ауданының прокуроры
Айта кетейік, WhatsApp әлеуметтік желісіне баласын күрекпен ұрған бейнежазба тарап кеткен болатын. Оны желіге жүктегендер Шымкентте бұл көріністің Шымкенттегі 11-ші мөлтекауданында түсірілгенін хабарлаған. Кейін бұл жазба бойынша полицейлер іздестіру шараларын жүргізіп, балаға күш қолданған тұрғынды ұстады. Тәртіп сақшылары оның баланың әкесі болып шыққаны әрі үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу шараласы жүргізіле бастағанын мәлімдеген еді.
