01:00, 21 Желтоқсан 2018 | GMT +5
Шымкентте бас шыршаның шамын жағу рәсіміне 100-ге тарта Аяз ата қатысты
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бас шыршаның шамын жағу рәсімі өтті. Əл-Фараби алаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға қала әкімі мен тұрғындар, сондай-ақ 100-ге тарта Аяз ата мен ертегі кейіпкерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шараға сондай-ақ қуыршақтар жəне аниматорлар шақырылып, олар алаңға жиналған балалардың көңілін көтерді. «Кейіпкерлер шеруі» мен «Қызықтан қалма, қалқатай!», «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты сахналық-концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға жиналған жұртшылыққа қала өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырып, шара соңы от шашуға ұласты.
Айта кетейік, биыл орнатылған бас шыршаның биіктігі 15 метрді құрайды. Салмағы 1 тоннаға жуықтаса, оны безендіруге ұзындығы 400 метр болатын жарықшамдар мен 240 дана алтын шар пайдаланылған. Сонымен қатар, 540 дана ойыншық пен 3 400 метр жылтырақ жұмсалған.