Шымкентте бензин тасымалдайтын көлік аударылып қалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте бензин тасымалдайтын арнайы көлік аударылды. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші рөлді басқара алмай, көлік жолдың бір бетіне ауып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте бензин тасымалдайтын көлік аударылып қалды

Қалалық ТЖ департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Бозарық тұрғын алабындағы айналма жолда орын алған. Жалпы сыйымдылығы 23 тонна болатын бензовоз көлігі «Гелиос» ЖШС-не тиесілі екені анықталды.

Жол бойына аударылған көліктен АИ-95 маркалы бензин төгілген. Дегенмен, оқиға орнында жарылыс та, өрт те болмаған. Сондай-ақ, ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің 26 қызметкері мен 4 техникасы, «Апаттар медицинасы орталығы» филиалынан бір техника және 3 қызметкер, Шымкент қалалық полиция департаментінің мамандары жұмылдырылды.


«Қауіпсіздікті сақтау мақсатында өрт сөндірушілер төгілген мұнай өнімдеріне «Пурга-5» маркалы көбік шашқан. Қазіргі уақытта төгілген жанар-жағар майдың көлемі анықталуда» делінген хабарламада.