Шымкентте білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі талқыланды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентке арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин және республикалық ақпараттық-ағартушылық штабының басшысы Ырза Тұрсынзада қаладағы 200-ге жуық білім мекемелерінің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент қаласының білім басқармасы және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша өкілдерімен ұйымдастырылған жиында Ырза Тұрсынзада агенттік жанынан құрылған штабтың маңызы, атқаратын жұмысы туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ, ол жас ұрпақ бойында парасат қағидаларын жүзеге асыруда және таратуда, қазақстандық патриотизм рухында жеке тұлғаны тәрбиелеуде және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы ұстаздардың маңызды рөлін атап өтті.

«Жалпы мемлекеттің өркендеуі - сыбайлас жемқорлықсыз даму бағытында барлық тиісті шараларды қабылдауда. Бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл аудару маңызды. Баланы жастайынан отансүйгіштікке, адалдыққа, әділдікке, мейірімділікке, қарапайымдылыққа үйрете отырып, жаман әдеттерден аулақ болуға, білім мен еңбекке ұмтылуға тәрбие - үлкендердің негізгі мақсаты екенін баршамыз білеміз. Әрбір ата - ана, әрбір ұстаз - балалар үшін лайықты үлгі болып, нағыз қастерлі қасиеттерді таңдауға көмектесетін ұлы тұлғалар», - деді агенттік өкілі Арман Бердалин.

Жиын барысында қатысушыларға адам бойындағы асыл қасиеттер: адалдық, парасат, әділдік және сенім құндылықтарын қоғам арасында кеңінен насихаттаудың маңызы айтылды.