Шымкентте бишілер фестивалі өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Бұраң бел» би фестивалі өтті. «Қиял әлемі» саябағында ұйымдастырылған шараға үздік өнер көрсетіп жүрген 22 би тобы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақтағы би топтары арасында тәжірибе алмасуға ықпал ету мен әріптестік байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шарада би топтары тәжірибелі мамандардан дәріс алып, жаңа қырынан танылуға мүмкіндік алды. Арнайы шеберлікті шыңдау дәрістеріне қатысып, олармен еліміз бен Қырғызстанның атақты хореографтары жұмыс жасады. Содан кейін бишілер «Тәуелсіздік» саябағында «Рухани жаңғыру» флешмобын ұйымдастырып, ел рухы мен рухани құндылықтар және мәңгілік ел мұраты түрлі қимылдар арқылы насихаттады. Облыстық орыс драма театры ғимаратының алдынан «Қиял әлемі» саябағына дейін 500-ден аса биші шеру ретінде жүріп өтіп, шараның соңы би кешіне ұласты.
Биылғы жылы үшінші рет ұйымдастырылған фестиваль байқау түрінде емес, гала-концерт ретінде өтті. Сахнада мың бұралған бишілер қала тұрғындарын өз өнерлерімен тәнті етті. Фестиваль соңында қонақтарға алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды. Би ұжымдарының жетекшілеріне де ақшалай сыйлықтар берілді.