Шымкентте бойжеткенге қол жұмсаған полицей жазадан құтылып кетті
Жергілікті полиция бастығының сөзінше, бойжеткенге қол көтерген тәртіп сақшысына қатысты жүргізілген тексерістің нәтижесі оның жазықсыз екенін көрсеткен. Себебі, дәмхананың алдында шу шығарған бойжеткен айтқанға бағынбай, билік өкіліне қарсылық танытқан. Тіпті полицейдің погонын жұлып тастағаны дәлелденді.
«Ол жерде біздің қызметкерлер тарапынан заң бұзушылық орын алған жоқ. Барлығыңыз да көріп отырсыздар. Погонын жұлып алып, оны бетіне лақтырып, балағаттаған. Сол жөнінде жаңағы азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Ал, біздің қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, кінәсіз екені анықталды», - деді Әбдіғани Сейдуалиев.
Еске салайық, келеңсіз жағдай қыркүйек айының 27-сі күні Шымкенттің орталығында орын алған болатын. Дәмханалардың бірінде спирттік ішімдік ішкен қыз бен жігіт жанжал шығарған. Сөйтіп, мейрамхана қызметкерлері полиция шақыртуға мәжбүр болыпты. Оқиға орнына жеткен полицейлер тәртіп бұзғандардың бірін алып кетпек болғанда, жанындағы қыз қарсылық көрсеткен. Тіпті билік өкіліне қол жұмсап, погонын жұлып алған болатын. Осы кезде полицей де бойжеткенге қол көтерген еді. Бұл бейнетүсірілім әлеуметтік желілерге тарап, көрініске жұрт түрлі пікір білдірген-ді.