Шымкентте бүлдіршіннің басына кастрөл кептеліп қалған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бір жарым жасар бүлдіршін кастрөлмен ойнап жүріп, оны шеше алмай қалған. Ыдысты ата-анасы да шешіп ала алмаған соң, көмекке құтқарушыларды шақырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте бүлдіршіннің басына кастрөл кептеліп қалған

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кастрөл баланың басына тығыз киіліп қалған. Сондықтан оны ата-анасы шеше алмай қалған. Бұл оқиға туралы құтқару қызметіне күндізгі сағат 12.40-та хабарлама келіп түскен. Бүлдіршіннің үйіне бас құтқарушы К.Нұсқабаевтың басшылығымен 4 қызметкер келді.

«Құтқарушылар өсімдік майын қолданып, абайлап және нақты іс-қимылмен 15 минут ішінде кішкентай бүлдіршіннің басынан кастрөлді алып тастағады. Баланың басына зақым келмеген», делінген хабарламада.