Шымкентте «ДәмДәсTour» ресторандар жәрмеңкесі өтіп жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында «Наурыз – Шымқалада» мерекелік бағдарламасы аясында «ДәмДәсTour» тұңғыш ресторандар жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте «ДәмДәсTour» ресторандар жәрмеңкесі өтіп жатыр

Жәрмеңкеге қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, көпшілікті мерекемен құттықтады.

Жәрмеңкеге жергілікті Wok-Wok, BarVilka, Бахчи-Сарай, Кәусар, Kөk-Saray, TheПАПА, Ладушки, 19.06, Мадлен, The secret, Happy cake, Афрасиаб, Кофе молка, Блинчик сынды 50-ге жуық қатысып отыр. Олар «Ең үздік шымкенттік палау», «Ең үздік шымкенттік наурыз көже», «Ең үздік шымкенттік кондитерлік өнім», «Ең үздік шымкенттік фаст-фуд», «Ең үздік шымкенттік кәуап» және «Ең үздік шымкенттік самса» номинациялары бойынша бақ сынауда.

Үздіктерді қазылар алқасының құрамындағы «Horeca Қазақстан» мейрамхана-қонақ үй бизнесі кәсіпорындары Ұлттық қауымдастығының Президенті И.Копайлов және Томас Мюллер, С.Отарбаев, Р.Усманов сынды шеф-аспаздар, тележүргізуші Айгүл Мүкей, food-блогер және вайнер М.Мамраимов, Шымкент қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының президенті А. Архабаева, «GraMad» супермаркеттер желісінің бас директоры және мәслихат депутаты А. Наимбековалар анықтайды.

Жеңімпаздарға қаржылай сый-сияпаттар қарастырылған.

Жәрмеңке барысында мерекелік кеш ұйымдастырылып, хедлайнер ретінде әнші Argonya және «Metis,s» тобы мен қалаға танымал өнер жұлдыздары қатысып, ән шырқауда. Сондай-ақ, келушілерге сағат сайын конкурстар мен ойындар ұйымдастырылуда.

Айта кетейік, екі күнге созылатын шара таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жалғасады.