Шымкентте Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аталып өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аталып өтті. Шарада қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов құттықтау сөз сөйлеп, қаланы көгалдандыру жұмыстарының барысын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шаһар басшысы қаланың әрбір тұрғынын ағаш егіп, оны күтіп-баптауға шақырды.
«Бұл мерекенің шымқала үшін маңызы ерекше. Өйткені, біздің Шымкент - жасыл желекке оранған, көгілдір қала. Біз әр жылы 100 мыңға жуық ағаш, 2 млн-нан астам гүл егеміз. 11 саябағымыз бар. Биыл 40 жыл толғалы отырған дендросаябаққа қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Бұл - тарихи сәт. Әр адам үшін 1 жылда 1 ағаш егілсе, 1 млн ағаш өсіп, қаланы көгалдандыруға үлес қосар еді», - деді қала әкімі.
Саябақ сахнасында экологиялық орталықтың, мектеп пен балабақшалардың қатысуымен мерекелік концерт өтті. Сондай-ақ, саябақта «Шымкент Плаза» сауда орталығының демеушілігімен балалар алаңшасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.