04:21, 19 Қазан 2017 | GMT +5
Шымкентте екі бірдей мемлекеттік қызметші алаяқтық әрекеті үшін сотталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте екі бірдей мемлекеттік қызметші алаяқтық әрекеті үшін сотталды. Қаратау аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының бұрынғы бастығы мен бөлім басшысы алаяқтық жасаған және пара алуға оқталғаны үшін бас бостандықтарынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әл - Фараби аудандық сотында айыпталушылардың мемлекеттік қызметші бола тұра, бір азаматты жұмысқа орналастырамыз деген уәдемен 800 мың теңге көлемінде пара алмақ болғаны дәлелденді. Алайда кінәлі тұлғалар өздеріне тағылған айыпты ішінара мойындады. Аталған соттың судьясы Еркебұлан Төлешов қос қызметшіні де айыпты деп тауып, басқармасының бұрынғы бастығын 4 жылға, бөлім басшысын 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімімен екі айыпталушының да мал-мүлкі тәркіленетін болды.