Шымкентте екінші дүниежүзілік соғыстың үш ардагері қалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте екінші дүниежүзілік соғыстың үш ардагері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның бірі – 98 жастағы Абылай Қазбаев. Ол артиллерияның құрамында жау танкілерін жоюға бар күш-жігерін жұмсаған. Ал, Мұратәлі Төлепбергенұлы Варшава, Гданск, Бисмарк қалаларындағы соғысқа қатысқан. Нина Мосунова болса сұрапыл соғыс жылдарында пулеметші болған.
Бүгінде Шымкент қаласында Жеңіс күнін тойлауға арналған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан ардагерлердің есеп шоттарына 1 242 000 теңгеден аударылады. Сондай-ақ, жергілікті майдангерлерге коммуналдық қызметтер төлеміне жеңілдіктер жасалған. Кезектен тыс санаторлық-курорттық емделуге де жолдама беріледі.
Сонымен қатар, мереке қарсаңында мәслихат шешіміне сәйкес 2 183 тыл ардагеріне 12 АЕК немесе 41 400 теңгеден бір жолғы төлемақы төленеді.