Шымкентте еліміздегі ең үлкен ипподром салынып жатыр
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте еліміздегі ең үлкен ипподром салынып жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа ипподром келер жылдың Наурыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнда бір сызық бойында қатар тұрған 10 ат бір мезетте жүруге мүмкіндігі бар. Ал, алаңның ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Жерге де жылқылардың жүруіне ыңғайлы құм төселген.
«Құмды 60 карьерді аралап жүріп, әрең таптық. Ол жаңбыр жауғанда суды өзіне сіңіріп алады. Аттың аяғына өте ыңғайлы. Сондай-ақ, ипподром ортасына көкпарға және конкурға арналған үлкен алаң жасадық. Ал, жабық манеждің ұзындығы 135 метр болса, ені 90 метрді құрайды. Үлкендігі жағынан мұндай манеж Қазақстанда жоқ. Жалпы жоба құны 5,5 - 6 млрд теңгені құрайды. Мұнда мемлекет есебінен де салатын нысандарымыз бар», - деді Мақсұт Исахов.
Оның айтуынша, 1 млрд теңгені әкімдік бөледі, ал қалған қаржыны ірі құрылыс компаниясы салады.