Шымкентте еңбек қауіпсіздігіне қатысты шағымдар бірыңғай орталық арқылы қабылданады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте еңбек қауіпсіздігіне қатысты шағымдар бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте еңбек қауіпсіздігіне қатысты шағымдар бірыңғай орталық арқылы қабылданады

Тұрғындар өндірістердегі еңбек қауіпсіздігі, өндірістерде болған жазатайым оқиғалар, жұмыс орындарының қысқаруы, кәсіпорындардағы еңбекақы қарыздары, жұмыс берушілердің жұмыскерлерді еңбек шартынсыз жұмысқа тартуы, 16 жасқа толмаған балаларды заңсыз жұмысқа тарту және тағы басқа да мәселелер бойынша хабармалар мен шағымдарды Шымкент қаласы әкімдігінің @ikomek109.shymkent бірыңғай байланыс орталығы арқылы жібере алады.
Сондай-ақ арыздарды ресми және анонимді түрде де байланыс орталығының әлеуметтік желілері арқылы жолдауға мүмкіндік бар.
Жалпы статистикаға сүйенер болсақ, Шымкентте жұмыскерлер арасында жазатайым оқиғалар азайған.
«Жұмыскерлер арасында жазатайым оқиғалар 2020 жылға қарағанда 37,2% төмендеді. 80 кәсіпорындағы 3 085 жұмыскерлердің 384 млн.теңге көлеміндегі жалақы қарыздары өтелді. 1 640 ұжымдық шарт мониторингтен өткізілді, ірі және орта кәсіпорындарда 2993 кәсіпорындар электрондық еңбек шарттарын енгізу жоспарланып, ол 31,3% асыра орындалды» - дейді Б.Құлжанов.
Сондай-ақ, қала аумағында ведомствоаралық сипатта іс-әрекет етуші Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі құрылған үш жақты комиссия жұмыстары күшейтілмек.