Шымкентте ер адам тұтқындарды кепілге алғаны туралы хабарлап, ұшақ пен ақша талап етті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «телефон лаңкесі» ұсталды. 1963 жылғы ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 273 бабы («Лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру») бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Оқиға 29 маусым күні сағат 23:30-да орын алған. ҰҚКД-нің кезекшілік бөліміне телефон соққан белгісіз ер адам бірнеше адамды тұтқынға алғанын, бес қабатты үйге мина қойғанын айтып, ҚР ҰҚКД-нің жоғары өкілетті офицерімен кездесуін талап етті. Бұдан басқа, ер адам оған ақша, ұшақ қажет екенін айтып, оның ойынша, жазасын заңсыз өтеп жүрген бірнеше сотталған азаматты босатуын талап еткен.
Шымкент ІІБ-ның бастығы Данияр Мейірханның айтуынша, ОҚО ІІД генералы Асқар Оспанов және басқа жоғары өкілетті офицерлердің басшылығымен бір жарым сағат жүргізілген іс-қимылдар кезінде ер адам сыртқа шығарылып, сол жерде ұсталды. Қойылған бомба туралы хабарланған телефон қоңырауынан кейін 300-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың арасында бес қабатты үйдің тұрғындары, сондай-ақ екі дәмхана мен шағын маркеттердің келушілері мен қызметкерлері болған. Бұдан басқа, қоршалған орында арнайы операция аяқталғанша көлік қозғалысы тоқтатылып, коммуникациялар ажыратылған.