Шымкентте есірткіні түзеу мекемесіне кіргізбек болған күдікті 7 жылға сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласы Еңбекші аудандық соты есірткі тасымалдаған күдіктіге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте есірткіні түзеу мекемесіне кіргізбек болған күдікті 7 жылға сотталды

29 жастағы күдікті Шымкенттегі түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған танысына есірткі затын жеткізбек болған. Арнайы автокөлік жалдап, мекеме қорғанына жақындаған сәтте 3 дана домалақ пішінді жапсырмамен (скотчпен) оралған есірткі затын мекеменің қоршаудан асыра лақтырып, бой тасалаған. Бұл жағдайды дер кезінде байқаған түзеу мекемесінің бақылаушылары оқиға орнына полицияның жедел-тергеу тобын шақырған.

«Тәркіленіп алынған заттар, сараптама нәтижесімен жалпы салмағы 122,6057 грамды құрайтын «кептірілген марихуана» және 66,7945 грамды құрайтын «гашиш» есірткі заттары екендігі анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, осы қылмысты жасаған Түркістан облысының тұрғыны ұсталды», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен күдікті ҚК-нің 297-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты (ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) жасағаны үшін кінәлі деп танылды.