Шымкентте газ құбыры жарылып, алапат өрт шықты
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 16:34-те Шымкент қаласындағы Тәуке хан даңғылында диаметрі 150 мм болатын жер астындағы жоғары қысымды газ құбыры белгісіз себеппен жарылып, салдарынан құбыр жанып кетті. Жалынның биіктігі 15 метрге дейін жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.
«Сол маңдағы аумағы 0,25 гектар боалтын құрғақ шөп пен электр кабельдері өртенді. Өрт 17:11-де ауыздықталып, 17:39-да сөндірілді. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Оқиғаның себебі анықталу үстінде. Аталған төтенше жағдай қала тіршілігіне әсер еткен жоқ», - деп атап өтті Руслан Иманқұлов.
Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 30 қызметкері мен 6 техника жұмылдырылды. Одан бөлек, «ИнтергазОрталық Азия» АҚ 5 қызметкері мен 3 техникасы көмекке келді.