Шымкентте гүлзарлар жаңартылуда
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімімен аталатын гүлзар мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіші тұрған аллеяда қайта құру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда Асанбай Асқаров ескерткіші маңында жөндеу жұмыстары басталған. Онда тозығы жеткен орындықтар ауыстырылып, айналасындағы жасыл желекті суару үшін арнайы ұңғыма қазылуда. Биыл жыл соңына дейін мұнда жаңа көшеттер отырғызылып, көктемде көгалдандыру басталады деп жоспарланып отыр.
Ал, «Көмешбұлақ» базары маңындағы Әлия Молдағұлованың ескерткіші тұрған аллеяда қайта құру жұмыстары аяқталуға жақын. Тозығы жеткен ескерткіш тұғыры қымбат тастармен әрленуде. Бұл жұмыстар таяу күндері аяқталады деп күтілуде. Айта кетерлігі, көріктендіру жұмыстары жергілікті тұрғындардың көңілінен шығып отыр.