Шымкентте инфрақұрылым жүйесi тартылуда
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлiнiп отыр. Бұл қаржы 11 нысанның құрылысын жүргiзуге жұмсалады.
Қазiргi таңда аталған нысандардың мердiгерлерi анықталып, құрылысқа қажеттi қаржының 3,1 млрд. теңгесi игерiлдi. Бұл туралы «Оңтүстік Қазақстан» басылымы жазып отыр.
Айта кету керек, қала тұрғындарының 85 пайызы бүгiнде орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтылып отыр. Инженерлiк жүйелердi қалпына келтiру, жаңғырту жұмыстарының арқасында тұрғындардың 41 пайызы кәрiз жүйесiмен, 86 пайзы газбен, 84 пайызы сапалы электр қуатымен қамтылған. Биыл 47 инженерлiк жүйенi салуды қажет ететiн 47 нысанның құрылысына 18,6 млрд. теңге бөлiндi.
Сонымен бiрге, шаһарда 9 ауызсу құбырының құрылысы жүргiзiлiп, биыл оның жетеуi пайдалануға берiледi. Осынау игі істің нәтижесiнде қаладағы 98 мың тұрғын ауызсумен қамтамасыз етіледі. Ал, электрмен қамтамасыз ету бағытында 10 жобаның құрылысы жүргiзiлiп, алтауының құрылысы толық аяқталды. Осылайша бұл көрсеткiш 84 пайыздан 88 пайызға өсiп отыр. Газбен қамтамасыз ету бағытында жүргiзiлген 8 жобаның төртеуi аяқталып, ел игiлiгiне берiлдi. 64 мың халық орталықтандырылған кәрiз жүйесiмен қамтылған.