Шымкентте іскер әйелдер алдағы президент сайлауын талқылады
Отырысты Шымкент қалалық іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Эльмира Созақбаева ашып, басқосуға жиналудың маңызына тоқталды. Жиында елімізде кезектен тыс президент сайлауын өткізу және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесі сөз болды. Кездесу барысында бизнестегі нәзік жандар Тұңғыш Президент - Елбасының ел іргесін бекіту мен қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыру жөніндегі бастамасын қолдады. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолында жасаған еңбегіне лайықты баға беріп, болашақ президенттің де осы сара жолды жалғастыруға лайықты тұлға болғанын қалайтынын білдірді.
«Біз тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болдық. Қазақстан билігінің ауысуы - елдің татулық пен берекеден айырылмаған, бірлігі бекем әрі тыныштық сүйгіш мемлекет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауын уақыт оздырмай, 9 маусымға белгілеуін іскер әйелдер де құптайды», -деді Шымкент қалалық іскер әйелдер қауымдастығы төрағасының орынбасары Таисия Дигай.
Жиын соңында Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері бірауыздан кезектен тыс сайлаудың өтуін қолдайтынын білдірді.