Шымкентте қалалық бағыттарға жаңа автобустар қатынайтын болды
Жергілікті билік бұл бағытта компанияларға өз талаптарын қойды. Мәселен, жолаушы тасымалдаушы компаниялар 140 күннің ішінде өз автопаркін толық жаңартып шығуы тиіс. Бұл қадам банктердің осы компанияларға жаңа автобус сатып алуға несие беріп, лизинг рәсімдеу үшін жасалып отыр.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов автобус паркін жаңалау келісімшарты аясында жаңа 5 «ПАЗ-Вектор» автобусын сатып алған компания жетекшілерімен кездесті. Енді жаңа автобустар №34 бағытта жолаушы тасымалдайтын болады.
Ал бұдан бір апта бұрын шаһарға жаңа «ГАЗель» шағын автобустары келген болатын. Олар №102 бағытта қатынайды деп жоспарланып отыр. Компания жетекшілері де шағын автобустарды қалалық әкімдікпен келісім аясында сатып алған болатын.
Еске салайық, бұған дейін көлік компаниялары басшыларымен кездескен қала басшысы оларға автопарктерді жаңарту қажеттігін ескерткен болатын. Қала көшелерінде ескі автобустарға орын болмайтынын қадап айтып, оларды жаңартқан жағдайда компанияларға қолдау көрсетуге уәде берген еді.