Шымкентте қам кесектен салынған үйлердің бірқатары сүріледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қам кесектен салынған тұрғын үйлердің бірқатары сүріледі. «Қошқар ата» өзені бойындағы іргетасы жоқ үйлердің орнына заман талабына сай көпқабатты тұрғын үйлер салынады. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін жуырда қала билігі «Шаңырақ» бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
None
None

Алдағы кезде еліміздегі үшінші мегаполис саналған қалада көпқабатты тұрғын үйлердің саны артады деп күтілуде. Қазір, сала мамандары қалада құлауға шақ тұрған үйлердің санын анықтап жатыр. 

«Біздің мақсатымыз - ескі үйлердің барлығын сүріп, орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салуымыз қажет. Сөйтіп, сол жерде тұрған адамдардың ескі үйлерінің шаршы метріне сәйкес, қайтарымсыз пәтер береміз», - деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Қазір, ауқымды жобаны жүзеге асыруға инвесторлар қарастырылып жатыр. Қызығушылық танытқан компания әкімдіктен келісім-шартқа отырады. Қаланы қайта жаңғырту ісінде «ескі шаһардағы» сауда орындары да ілікті. Мұндағы құрылыс заттарын сататын дүкендердің барлығы қала сыртына көшірілмекші.

«Үлкен даңғыл жолдың бойында жасыл дүңгіршектер тұр. Жекеменшік нысандарды бұзуға 1 жыл бұрын тапсырма берген болатынмын. Оны қожайыны ескермеді. Бірақ, сол нысандарды барлығымыз көріп жүрміз. Неге ешкім шара қолданбайды. Оның үстіне, жаяу жүргіншілер жолының дәл үстіне салынған. Сондықтан, біз оны бұзамыз», - деді қала басшысы.

Сондай-ақ, кезінде жаяу жүргіншілер жолына салынып кеткен нысандар да шетінен бұзылатын болды. Жергілікті биліктің пәрменімен Дінмұхаммед Қонаев даңғылы тағы бірнеше шақырымға ұзартылады. Кезең-кезеңімен іске асатын жоба 7 жылға жоспарланған. Биыл 508 шақырымдық жол салынады. Ол үшін ескі шаһар аумағындағы 74 жеке тұрғын үй бұзылмақшы.

«Қазір бірінші кезеңнің жобалау сметалық құжаттары дайындалды. Қазір, тиісті сараптамадан өтіп жатыр. Сол біткен соң қаржы болатын болса, жұмысты бастаймыз», - дейді қалалық сәулет және құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Серік Кенжалин.

Соңғы жаңалықтар