Шымкентте қарияларға тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте ардагерлер мен зейнеткерлерге тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Қарттарға шипажайға жолдама беріліп, түрлі әлеуметтік төлем берілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, шаһарда 80 мыңнан аса зейнеткер мен 10 мыңға жуық көпбалалы ана тұрады.
Биыл осы топтағы азаматтарға «Денсаулық», «Ақсу Жабағылы», «Ақсу демі», «Салма Караван» және «Керуен» шипажайларына жолдама берілген. Ал, 8 наурыз – «Халықаралық әйелдер күніне» орай 9 500 көпбалалы анаға 119,9 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленген. Сондай-ақ, 9 мамыр – «Жеңіс күніне» орай соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 252 мың теңгеден қаражат табысталған.
Бұдан бөлек, 8 маусымда қалада қарттарға және белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға арналған «Белсенді өмір сүру ұзақтығы» орталығы ашылды.
Арнайы емдеу-сауықтыру бөлім және құралмен жабықталған орталық 70-ке жуық қария үшін тәуліктің күндізгі 4 сағат уақытында арнаулы әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетеді.