Шымкентте кәсіпкерлер коронавируспен күрес үшін қорға 100 млн теңгеден астам қаржы бөлді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының кәсіпкерлері коронавируспен күреске үлесін қосып, «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік-қайырымдық қорына 100 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Бұл туралы қор директоры Дәуренбек Құрбаниязов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәуренбек Құрбаниязовтың айтуынша, бұл қаржыға 5 дана өкпені жасанды желдету аппараты алынған. Құралдардың төртеуі жаңа жұқпалы ауруханаға, біреуі кардиологиялық орталыққа орнатылған. Бүгінде осы мақсатқа жұмсалған қаржы көлемі 90 млн теңгені құрайды.


Сонымен қатар, қызметтік борышын өтеу барысында қаза болған дәрігерлердің отбасына да «Шымкент қайырымды қала» қоры тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді. Күні бүгінге дейін қордың көмегімен қосымша ашылған провизорлық орталықтардағы төсек-орынға арналған 30 кереует пен 2 400 литр минералды су алынған. Алдағы аптада 10 мың бетперде мен 1 мың дана медициналық киім тарату жоспарланып отыр.



