Шымкентте қаза тапқан шекарашыларды еске алуға арналған қаралы жиын өтті

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасының аумағында «Оңтүстік» аймақтық басқарманың штаб басшысы Руслан Зәкиев пен штабтың жедел кезекшілік бөлімінің бастығы майор Дәулетбек Сұлтанбековты ақтық сапарға туыстары мен қызметтестері шығарып салды.
«Бастан кешіріп отырған қайғымызды жеткізетін сөз таппай отырмыз. Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі міндеттерін атқарған атпал азаматтар мәңгілік есімізде қалады», - деді ақтық сапарға шығарып салу сөзінде «Оңтүстік» аймақтық басқармасының бастығы Әбдіразақ Ілиясов.
Полковник Зәкиев пен майор Сұлтанбеков сәрсенбі күні Өгем шатқалына ұшып шыққан Сарыағаш шекара жасағы «Арлан» тобының құрамында болған. Ол таулы аумақта Қазақстанға шекарадағы бақылауды айналып өтіп, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан келуге болатын соқпақ бар. «Өзбекстанда түрмеден алты қарулы қылмыскер қашып шыққан, олардың қазақстандық немесе қырғыз аумағына өту ниеті болған. Осыған байланысты мемлекеттік шекарада тосқауыл ұйымдастырылған болатын. Қылмыскерлерде қару-жарақ болғандықтан, шекарада жауынгерлік құрам: екі пост пен шекара жасағы жөнелтіліп еді», дейді Ә.Ілиясов.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 8-інде Өгем тауларында бортында 13 адам болған шекара қызметінің тікұшағы апатқа ұшырады. Он адам қаза тапты, үш адам аман қалды, олар қазір ауруханада жатыр. «Олар - аман-есен, жағдайлары - қанағаттанарлық», дейді Ә.Ілиясов.
Тікұшақ апатында қаза тапқан қалған сегіз жауынгердің жерлеу рәсімі қыркүйектің 10-ында өтеді, қаралы жиын Сарыағаш шекара жасағында болады. «Аймақтық басқарманың қолбасшылығы қаза тапқандардың барлығын үкіметтік наградаға ұсыну туралы шешім қабылдады», - деді Оңтүстік» аймақтық басқармасының бастығы Әбдіразақ Ілиясов.