Шымкентте көпбалалы отбасылар мен жас мамандар баспаналы болды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін Шымкент қаласында Жаңа жыл мерекесіне орай көпбалалы аналар мен жұмыс істейтін жастарға пәтер кілттері тапсырылды. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Ерлан Айтаханов алдағы уақытта тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қалай шешілетінін айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шаһар басшысы жаңа үйдің ішін аралап көріп, жаңадан қоныстанып жатқан отбасыларға сыйлық тарту етті.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін алға қойған еді. Осы орайда, жыл қорытындысы бойынша шымшаһарда жалпы 450 көпбалалы ана мен 904 жасты баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Бюджет есебінен осы жылы 1554 пәтерлі 27 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 656 пәтерлі 11 несиелік тұрғын үй, 898 пәтерлі 16 арендалық тұрғын үй.лер болып табылады.

Ал, әкімшілік іскерлік орталығында 590 пәтерлі 10 көпқабатты арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген.

Оған қосымша, «Шымкент Сити» қалашығында 558 пәтерлі 9 көпқабатты арендалық тұрғын үй және Әкімшілік іскерлік орталығында 336 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй, қаланың Еңбекші және Абай аудандарында 70 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.



Қалалық әкімдік тарапынан көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамту үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамту жұмысы жүйелі жүзеге асырылуда.
Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын іске асыру мақсатында бұл жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасын табады.