Шымкентте коронавирус жұқтырғандардың қатарында 13 жастағы жасөспірім бар

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте соңғы тәулікте тағы үш адамның COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Дәрігерлер науқастардың қатарында 13 жастағы жасөспірім бар екенін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте коронавирус жұқтырғандардың қатарында 13 жастағы жасөспірім бар

Қалалық төтенше жағдайлар штабының мәліметінше, қауіпті індет жұқтырғандардың барлығы да бұған дейінгі науқаспен қарым-қатынаста болған. Олар карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынамалар алынған.

«Бір науқас 2006 жылы туған жасөспірім болса, екеуі 1967 және 1971 жылы туған әйелдер. Диагностикалық зерттеу қорытындысы олардан COVID-19 вирусын анықтады. Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу және дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде» делінген хабарламада.

Айта кетейік, Шымкентте COVID-19 коронавирустық инфекциясына шалдыққан адамдардың саны 23-ке жетті.