Шымкентте қоршаған ортаға 2 млрд теңге көлемінде залал келтірілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте прокурорлар тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, шығару және көму бойынша қызметті ұйымдастыру жұмыстарының заңдылығына тексеру жүргізді. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеудің барысында заңбұзушылықтарға жол бергендігі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шымкентте қоршаған ортаға 2 млрд теңге көлемінде залал келтірілді

Тексеру барысында 28 заңсыз қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау орындары бар екені анықталды. Шымкент қаласы бойынша заңсыз қалдықтарды сақтау орындарында 51 мың тоннадан астам қоқыстың орналастырылғандығы белгілі болды. Соның салдарынан қоршаған ортаға 2 млрд. теңге көлемінде залал келтірілген. Сонымен қатар, қадағалаушы орган өкілдері жергілікті атқарушы орган басшыларының қалдықтарды жинау, алып кету және орналастыруға қатысты тарифтерді бекітпегенін айтып отыр. Бұдан бөлек, қоқыстарды қайта өңдеу зауытының қызметіне рұқсат құжаттары болмай шыққан. Қазір бұл зауыттың жұмысына шектеу қойылды.

Сондай-ақ прокурорлар барлық қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау нысандарының қызметтерінде экологиялық және санитарлық талаптардың сақталмағандығын және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына қатысты деректерді анықтады. Қадағалаушы орган өкілдері қолданған шаралардың нәтижесінде 53 тұлға түрлі деңгейдегі жауапкершілікке тартылып, оларға 3 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды.

Тексерудің нәтижесінде облыс әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізіліп, құзырлы органдарға бұл саладағы жағдайды жақсарту үшін бірқатар нақты тапсырмалар берілді.