Шымкентте қос өкпесі қабынған жүкті әйел жазылып келеді
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігерлер жүкті келіншекті бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Оның қанындағы оттегі мөлшері тым аз болғандықтан, 15 күн бойы өкпені желдету аппаратына қосылған. Осы уақыт ішінде жансақтау бөліміндегі мамандар шаранасы бар әйелдің саулығы үшін күресіп, оң нәтижеге қол жеткізген. Жүкті әйелдің денсаулығы он алтыншы күні жақсарып, палатаға ауыстырылған. Соңғы бір айдан аса уақыттан бері Асар шағынауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасындағы дәрігерлердің бақылауында.
Мамандар әйелдің және іштегі сәбиінің жағдайы жақсы екенін айтуда.
«Науқас 6 шілде күні ауруханаға түскен. Қазір 29 апталық жүктілік мерзімінде. Құрсағындағы баланың жағдайы да жақсы. Бүкіл хаттама бойынша ем алуда. Енді антибиотиктерін азайтып, отегісіз дем алуды үйретіп жатырмыз» - дейді дәрігер-гинеколог Нұржамал Көшенова.
Бүгінде аяғы ауыр келіншек өздігінен тыныс алып, денсаулығы жақсарған. Ол қауіпті дерттен өзін аман алып қалған дәрігерлерге ризашылығын білдіруде.
«Қазір жағдайым жақсы, маған дер кезінде көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс айтамын. Әрдайым күлімдеп, жанымды жылы сөзбен емдеген медицина мамандарына ризашылығымды білдіремін», - дейді Гулжауһар Күнзубаева.