Шымкентте ҚР азаматтығын сатпақ болған шенеунікке қатысты сот басталды
Оны осы жылдың 10 сәуірі күні ҰҚК-нің жедел-тергеу тобы және ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ұстаған болатын. Тергеу кезінде полиция қызметкеріне алаяқтық жасады және пара беруге итермеледі деген айыптар тағылды. Яғни, полиция полковнигі үш адамнан тұратын ауғанстандық отбасы мүшелері мен тағы бір шетелдікке Қазақстан азаматтығын алуға көмектесуге уәде етіп, ол үшін 40 мың доллар пара алуға оқталған. Алайда соңғысы ҰҚК департаментіне арызданған.
«Н.Төлегенұлы азаматтықты алып беру өз құзырына жатпайтынын біле тұра алаяқтыққа барған. Н.Төлегенұлы Қараибрагимовпен (делдал - автр.) әңгіме барысында оны пара беруге көндірген. Ол ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетіндегі лауазымды тұлғаларға шығып, азаматтықты алуға қолғабыс ете алатынын айтқан. Және әрбір тұлға үшін 10 мың АҚШ долларын белгілеген. Бұл барлығы 40 мың АҚШ долларын құрайды», - деп мәлім етті мемлекеттік айыптаушы А.Өтегенов
Сол үшін басқарманың экс-басшысы Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") және 366-бабы ("Пара алу") бойынша айыпталуда.
Еске салайық, Нұрдәулет Төлегенұлы 3500 доллар (шын ақша) және 30 мың доллар (муляж) көлемінде пара алу кезінде ұсталған еді.