Шымкентте құрылысшы тұрғын үйдің сегізінші қабатынан құлап, мерт болды

None
None
  ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте  құрылысшы  тұрғын үйдің сегізінші қабатынан құлап кетті. Қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілгенімен, ол үш күннен кейін жан тәсілім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өңірдің еңбек инспекциясы басқармасының басшылығының сөзінше, қайғылы оқиға 26 тамыз күні күндізгі сағат 11-лер шамасында болған. 

«Алдын ала мәліметке сәйкес, қайғылы жағдай Асар шағын ауданы жанындағы  тоғыз қабатты үйде болған.  29 жастағы Хасан Әбдусайтов  жаңадан салынып жатқан үйдің сегізінші қабатындағы терезеден құлап кеткен. Ол монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде сүрініп кетіп, құлаған деген болжам бар. Қазір осы оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тексеру шаралары жүргізіледі. Құрылысшының өлімінің нақты себептері сол кезде белгілі болады»,-дейді оОблыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Төлебаев.

Түрлі дене жарақатын алған құрылысшы ауруханаға жатқызылғанымен, ес жимаған күйі сол жерде жан тапсырды.

Дәрігерлердің сөзінше, оның жағдайы өте ауыр болған. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанымен, беті бері қарамапты. Науқас тамыздың 29-і күні көз жұмған. Қазір өңірдің тәртіп сақшылары осы жайтқа қатысты тергеу шараларын бастап кетті. «Құрылысшының өлімі бойынша бізге хабарлама келіп түсті. Қазір жігіттің өліміне қатысты мән-жайлар анықталуда. Сондай-ақ осы оқиғаға қатысты Қылмыстық Кодекстің 156-бабы 3-бөлігі «Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталған соң қосымша хабарлайтын боламыз», -дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова. 

Соңғы жаңалықтар