Шымкентте қылмыстық топтар төбелесіп, атыспақ болған
Қалалық прокуратураның қатысуымен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қала аумағындағы бірнеше мекенжайда күдіктілерді ұстау жұмыстарын жүргізді.
Нәтижесінде полицияға 25-38 жас аралығындағы 10 адам жеткізілді. Олардың үшеуі сот шешімімен қамалды, екеуі үйқамаққа алынды. Қалғандарының рөлі сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады.
Олардан заттай дәлелдемелер ретінде Макаров және ТТ тапаншалары, 4 травматикалық тапанша, АК-103 автоматы, 12 калибрлі МЦ 21-12 өздігінен оқталатын мылтығы және 410 калибрлі өздігінен оқталатын Сайга-410 карабині, 16 калибрлі қос ауызды тегіс ұңғылы ТОЗ мылтығы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 93 оқ-дәрі тәркіленді.
Тергеушілер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында осы жылдың қаңтар айының басында бір топ адам жергілікті тұрғынды ұрлап, қала сыртына алып кеткенін анықтады. Олар оны ұрып-соғып, пневматикалық қарумен жаралаған.
Ер адам заңды түрде полицияға жүгінудің орнына, қылмыскерлерден кек алу мақсатында өзінің таныстарын қаруландырып, қару-жарақ ала бастаған. Бірақ полицияның кәсіби және жедел әрекетінің арқасында адам шығынына әкеп соғуы мүмкін қарулы қақтығысты тоқтату мүмкін болды.
Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты Шымкент қаласы ПД-ның тергеу басқармасы ҚР ҚК-нің 287-бабы 4-бөлігі (Адамдар тобының атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алуы, сақтауы, алып жүруі немесе тасымалдауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр
Фото: polisia.kz