Шымкентте қысқа дайындық жұмыстары пысықталып жатыр

Қаланың қысқы жылу маусымына дайындығы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Мамандардың сөзінше, жеке автономды қазандығы бар пәтерлерді орталықтандырылған жүйеге қосу, сығымдау жұмыстарын жүйелі әрі дер мерзімде аяқтау басты назарға алынып отыр. Қазіргі таңда, 759 тұрғын үйде қысқы дайындық жұмыстары пәтер иелерінің өз күштерімен жүргізілуде.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, биыл қаланың бюджеттік нысандары қыркүйек айында толығымен жылу қабылдауға әзір болмақ. Қала аумағында бүгінде 352 бюджеттік нысан, оның ішінде, 223 білім, 78 денсаулық сақтау, 6 спорт, 42 мәдениет және 3 әлеуметтік нысан бар. Қазір ондағы ғимараттардың 33 пайызында сығымдау жұмыстары толығымен аяқталды. Жылуды автономды қазандықтар арқылы алатын 172 бюджеттік мекеме үшін 5058 тонна көмір, 353 мың литр сұйық отынның қажеттігі анықталған. Бұл қажеттіліктің 53 пайызы тиісті орындарға жеткізілген.
«Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Байтұрсынов көшесі бойындағы 5,2 шақырымдық магистралдық жылу құбыры ауыстырылуда. Сондай-ақ, «3-Энергоорталық» АҚ-ның балансындағы қаланың солтүстік бөлігіндегі жылу құбырлары коммуналдық меншікке қабылданды. Ондағы жүйелердің 80 пайызында тозығы жеткені ескеріліп, бірқатар қайта құру жұмыстары қолға алынды. Яғни, биыл жалпы ұзындығы 40 шақырымдық ішкі орамдық жылу жүйелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген жұмыстар арнайы кесте аясында жүзеге асырылады»,- дейді Нұрлан Қарабалаұлы.
Ал, «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасында» көрсетілгендей, қала халқы бұл бағыттағы ауқымды жұмыстардың игілігін енді бірер жылда толығымен сезінуі тиіс. Қазіргі таңда, жылу жүйелерін қайта құру бойынша нақты іс-шаралар жоспары түзілген. Сондай-ақ, мамандар бүгінде табиғи газбен қамтылған қала халқының үлесі 92 пайызға ұлғайғанын айтады. Биыл «Бозарық-1, 2, 3», «Ынтымақ-2», «Жаңа Тұрлан» және «Тұран» шағына удандарындағы 4194 тұрғын үйге табиғи газ жүйесі жеткізілмекші.