Шымкентте қыз-келіншектерді мерекемен құттықтаған әкімдер ән шырқады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласының əкімдігі нəзік жандарды мерекемен құттықтады. Салтанатты шарада шаһар басшысының орынбасарынан бастап, бөлім басшылары мен аудан əкімдері барша қыз-келіншектерге арнап əн шырқады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мерекелік жиында шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев нәзік жаратылыс иелерін қаланың дамуына және экономика, ғылым, спорт және басқа да салаларда айрықша үлес қосып жүргенін атап өтті. Отбасындағы қыз-келіншектердің орны ерекше екенін айта кеткен әкім шаһардағы жеті баланы өмірге әкелген 3 анаға салтанатты түрде «Алтын алқаны» табыс етті.
Шара барысында шенеуніктер мерекелік концерт ұйымдастырды. Қала әкімінің орынбасарлары топ болып, ән айтты. Ал, бөлім басшылары «16 қыз» әнін нақышына келтіре орындап, көктем көңілге көрік берді. Сондай-ақ қаладағы Еңбекші, Қаратау, Абай және Әл-Фараби аудандарының әкімдері бір сәт сахнаға квартет болып шығып, әйел-аналарға әсем әндерін тарту етті.


