Шымкентте медицина қызметкерлеріне төсбелгілер табысталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырумен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында медицина саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар қызметкер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте  медицина қызметкерлеріне төсбелгілер табысталды

Денсаулық сақтау саласының үздіктерін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев марапаттады. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі қалалық стоматологиялық емханасының дәрігері Қасенов Полатбек, №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Сәрсен Пернебеков және Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Дулат Тұрмановқа табысталды. Сондай-ақ, «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау саласының ардагері» төсбелгілерімен 9 медицина маманы марапатталды. Ал, 9 дәрігер Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар алды. Марапатталғандардың қатарында №1 қалалық клиникалық ауруханасы кадр бөлімінің бастығы Сәуле Тұрманқызы мен нейрохирургия орталығының медбикесі Айсұлу Елеусінқызы да бар.