Шымкентте медицина шенеуніктері 52 млн теңгені ұрлау күдігіне ілінді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен 1-қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері бюджет қаражатын ұрлау күдігіне ілінді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаменттің ага тергеушісі Қайсар Баржақсынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте медицина шенеуніктері 52 млн теңгені ұрлау күдігіне ілінді

«Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы мен «№1 қалалық клиникалық ауруханасы» ШЖҚ РМК-нің бұрынғы бас дәрігеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, күдіктілер 2019 жылы S-сыныпты оториноларинголог дәрігерінің жұмыс орнына арналған жабдықты қымбат бағамен сатып алу арқылы 52 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлау күдігіне ілініп отыр.

«Түпкілікті шешімді күдіктілер кінәсінің дәрежесін анықтай отырып сот шығарады. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жариялауға жатпайды», - деді Қайсар Баржақсынов.