Шымкентте медициналық мобильді қосымшаға тіркелгендердің қатары артты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте медициналық мобильді қосымшаға тіркелгендердің қатары артып келеді. Смартфондағы ақпараттық жүйені қолданатындардың басым бөлігі жүкті әйелдер. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Ғалымжан Әбіш мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте медициналық мобильді қосымшаға тіркелгендердің қатары артты

Ғалымжан Әбіштің айтуынша, денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық ақпараттық жүйелер жұмыс істеп жатыр. Қаладағы емхана мен ауруханалар «Даму мед» және «Жарқын болашақ» компанияларының мобильдік қосымшалары бойынша электронды форматта халыққа қызмет көрсетуді жолға қойған. Осы қосымша арқылы 135 мыңнан аса тұрғын дәрігердің қабылдауына жазылған. Ал, 3 163 пациент дәрігерді үйіне шақыртқан.

Осы салаға жауаптылардың сөзінше, аптасына 1500-ге жуық адам мобильді қосымшаны пайдалануға тіркеледі.

«Мобильдік қосымшамен жұмыс істеу дәрігерлерге де тиімді. Шаһардағы барлық медициналық мекемелер ғаламтормен қамтылған. Тіркелген емханадағы IT мамандар смартфондарға қосымшаны жүктеп беруде әрі толық ақпарат береді»,- дейді Ғалымжан Әбіш.

Айта кетейік, емханадағы дәрігерлер электронды денсаулық куәлігі арқылы да жұмыс істейді. Келер жылдан бастап, қаладағы емдеу мекемелері қағазсыз қызмет көрсетуге көшеді.

Осыған дейін Америкадағы қазақ дәрігерінің Шымкентте күрделі оталар жасағандығын жазғанбыз.