Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен несие алып беруді уәде еткен алаяқ ұсталды

Тәртіп сақшылары алаяқ қызды жәбірленушілердің бірінің арызынан кейін қолға түсірді. Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне 35 жастағы азамат арызданған. Ол белгісіз бойжеткеннің мемлекеттік бағдарлама бойынша несие рәсімдеуге көмектесуге уәде етіп, 300 мың тенгесін алып кеткенін айтқан. Артынша полиция бөліміне осыған ұқсас бірнеше тұрғын арызданды. Осыдан кейін жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары күдікті ретінде 1995 жылы туған жұмыссыз бойжеткенді қолға түсірді. Оның Сарыағаш ауданының Насиба Юлдашева есімді тұрғыны екені анықталды. Тергеу барысында сезіктінің жалпы сомасы үш миллион теңгені құрайтын 10 алаяқтық фактісіне қатысы бары дәлелденді.
Қазіргі таңда алаяқтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша тергеу абақтысына қамалды.
Полицейлер аталмыш алаяқтан зардап шеккен тұрғындарды полиция бөлімінің «102» нөміріне хабарласуды сұрайды.