Шымкентте мемлекеттік сатып алу бойынша өткен 30 байқаудың заңдылығы тексерілмек
«2021 жылы мемлекеттік сатып алу веб-порталында 30 байқауды ұйымдастырушы Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы басшылық бұйрығымен қатысушылардан өтінім қабылдауды бірнеше рет тоқтатты. Сонымен қатар аталған мекеме бұйрықты веб-порталдың «сот шешімі» немесе «уәкілетті органның шешімі» қосымша бетінде тіркеді. Осылайша, ұйымдастырушы өтінім қабылдауды заңсыз тоқтатып, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзып отыр. Заңның бұзылғаны туралы уәкілетті органдар да растап отыр. Атап айтқанда, ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің 04.04.2022 жылғы және Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 04.07.2022 жылғы хаттары дәлел», – деді Әйгерім Сейдахметова «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен ZOOM платформасында өткен шарада.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу бойынша байқауға өтінім қабылдауды қолдан тоқтатудың салдарынан әлеуеті жоғары қатысушылар оған қатыса алмай қалды.
Сондай-ақ, спикер байқауды заңды ұйымдастырмаудың арты мемлекетке шығын әкелгенін айтып отыр.
«Аталған мәселе бойынша жоғары айтылған хаттардың негізінде «Электромонтаж» АҚ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне конкурстық комиссия мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш жолдады. Қалалық департаменттен істі тіркеуге құқықтық негіз жоқ екендігі туралы жауап келді», - дейді ол.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов аталған фактінің қараусыз қалмайтындығын айтты.
«Біз өз тарапымыздан бұл мәселені тиісті министрлік арқылы Үкіметтік деңгейге шығаруға дайынбыз. Бұл мәселе бойынша Қаржы министрлігі куратор. Әрине, бұл жерде бірнеше құжат бар. Яғни әкімшілік, қылмыстық кодекспен қатар басқа да нормативтік-құқықтық құжаттарды қайта қарау қажет», - деді Атамекен өкілі.
Фото: moneysense.ca