Шымкентте «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» тақырыбында семинар өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және оның аумақтық басқармаларының қызметкерлері арасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – халық денсаулығын қорғаудың мемлекеттік жүйесі» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департамент басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл халық денсаулығын қорғау саласында халық мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғайтын мемлекеттік жүйе екендігін және МӘМС жүйесінің қатысушыларына дер кезінде, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік жәрдем көрсетуді қамтамасыз ететіндігін атап өтті. Басшы өз сөзінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы медициналық көмектің қол жетімді бола түсетінін атап, сонымен қатар бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын тоқтатпау керектігін ескертті. Сақтандыру жүйесінің маңызын толық түсіне бермейтін халық топтары арасында, медициналық сақтандырудың маңызын жете түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігін айтты. Осы мақсатта сала қызметкерлеріне «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлім басшысы Беден Ахмет Сисенбайұлы «Әлемде инфекциялық емес аурулардың өсуімен, жаңа медициналық технологияларды ендірумен және егде жастағы халық санының артуымен байланысты өзгерістер белең алып келеді. Халықаралық тәжірибеде МӘМС ендіру жоғарыда аталған талапқа жауап береді және денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді» дей келе, Қазақстанның қазіргі жүйесі мұндай талапқа дайын болуы және болып жатқан өзгерістерге дер кезінде әрекет ету қажеттілігін атап, сонымен қатар МӘМС жүйесінде мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек шеңберінде қандай қызмет түрлері бар екендігін атап өтті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің медициналық қызметкерлерге, халыққа, медициналық ұйымдарға берер пайдасын атап, аударымдар мен жарналар жинаудың жүргізілу жолдарын, МӘМС жағдайында медициналық қызмет сапасын бағалау қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді, сонымен қатар жиналысқа қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
