Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы ғимарат бой көтереді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы ғимарат бой көтереді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Қайнар» бизнес орталығында өткен жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске салсақ, бүгін вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топпен шымкенттік кәсіпкерлер кездескен болатын.
Жиында вице-премьер қаланың аудан әкімдерімен, кәсіпорындар мен мекеме басшылары және кәсіпкерлермен, кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен жүздесіп, әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері турасында өзекті мәселерді талқыға салды.
Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Қазақстан әлеуметтік бағыттарды басымдыққа алу» тапсырмасын негізге ала отырып, қоғамда масылдыққа, енжарлыққа жол бермеу керектігіне тоқталды. Бизнес қауымдастықтары мен кәсіпкерлерге тұрмысы төмен отбасыларына барынша көмек көрсету керектігін айтып, олардың түйткілді мәселелерін дер кезінде шешуде белсенді болуға шақырды.
Алқалы басқосуда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы нысан салынатынын айтты.
«Жақын уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы ғимарат салып беруді жоспарлап отырмыз. Онда салауатты өмір салтын ұстану үшін арнайы залдар болады», - деді қала әкімі.
Бұл ғимараттың бой көтеруіне «Отау Строй» компаниясының жетекшісі, белгілі меценат Қайрат Молдасейітов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қол ұшын созбақ. Бүгінде аталған компанияда 765 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 72 көпбалалы ана, 15 мүмкіндігі шектеулі азамат бар.
Айта кетсек, Шымкентте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 2019 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен 100 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның 30-ы - тұрғын үй құрылысы, 15-і - білім саласы, 36-ы - инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту, 19-ы - көлік инфрақұрылымы бойынша.
Оларды орындау нәтижесінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ Шымкентте мамыр айында әлеуметтік жағдайы төмен 540 отбасыға пәтер берілмек. Оның ішінде көпбалалы аналарға 177 пәтер беру жоспарлануда.