Шымкентте мыңнан астам адам коронавирустан емделуде

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында жыл басынан бері 1 253 науқас коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте мыңнан астам адам коронавирустан емделуде

Емделіп шыққан науқастардың саны 161 болса,7 науқас қайтыс болған. Бүгінгі күні 1 085 науқас емделіп жатыр. Олардың 179 стационарда, 906-ы үй жағдайында амбулаторлық ем қабылдауда. Бұл жөнінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов айтып өтті.
Қазіргі таңда медицина ұйымдарындағы төсек-орын толымдылығы 44 пайыз. Ал, эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын саны 4 016-ке дейін, ал эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 5 416 төсек-орнын ашу жоспарда бар.

Тұрғындардың екпе алу жағдайына тоқталған Б.Позилов бүгінгі күні тиісті контингенттің 1-ші компонентпен 99,5%, 2 компонентпен 97% вакцинацияланғанын атап өтті.
«Pfizer-BioNTech» вакцинацияның бірінші компонентімен 18 816 адам, екінші компонентімен 8 864 адам егілген. Ал, вакцинаның үшінші дозасымен бүгінге 41 773 адам ревакцинацияланған.
Айта кетейік, Шымкент қаласы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қызыл аймаққа өтуіне байланысты қаладағы мобильді топтардың да жұмысы күшейтілді.