Шымкентте несиемен байланысты 40-тан аса алаяқтық қылмысқа қатысы бар әйел ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте несие алып беремін деп жұртты алдаған әйел ұсталды. Қазіргі таңда полицейлер сезіктінің 40-тан аса алаяқтық қылмысқа қатысы бар екенін анықтап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне оншақты қала тұрғыны арызданған. Олар тәртіп сақшыларына бейтаныс әйелдің «несие алып беруге көмектесемін» деп қомақты ақшаларын алып кеткенін көрсетіпті. Жедел іздестіру шараларын жүргізген ішкі істер қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Қызылорда облысының тұрғынын ұстады. Тергеу барысында сезіктінің 40-тан астам адамды алдап, оларға 20 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, жыл басынан бері Әл-Фараби ауданының аумағында алаяқтықтың 50 фактісі ашылған. Аталған қылмыстар негізінен банктен несие әперу мен оқуға түсіру, сондай-ақ, жұмысқа тұрғызу сияқты жағдайлармен байланысты болған.