Шымкентте оқушылар экологиялық мәдениет жөніндегі байқауға қатысты

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Экологиялық орталық» МКҚК ұйымдастыруымен оқушылар арасында шығарма жазудан облыстық байқау өттi.

Шымкентте оқушылар экологиялық мәдениет жөніндегі байқауға қатысты

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сайысқа облыс бойынша 5-10-сынып оқушыларынан 312 жұмыс келiп түскен.

«Өмiр тамшысы» және «Бұлттарға айтыңдаршы, құстар» атты тақырыпта өткiзiлген байқаудың негiзгi мақсаты - балаларды табиғат туралы әңгiме, өлең құрастыра бiлуге, жануарларға қамқор болуға тәрбиелей отырып экологиялық тәртiптiң негiздерiн үйрету.

«Өрлеу»  «БАҰО» АҚ филиалы  ОҚО  бойынша  педагог-кадрлардың  бiлiктiлiгiн  арттыру  институтының   және М.Әуезов   атындағы  ОҚМУ-дың  аға  оқытушылары сарапқа салған шығармалардың арасынан үздiгiн анықтау оңай болған жоқ.

Мысалы, «Өмiр тамшысы» тақырыбы бойынша ауызсудың жетiспеушiлiгi, суды үнемдеуге деген көзқарасымызды қалай өзгертуге болатындығы, су ресурстарын қорғап қалу баршамыздың мiндетiмiз екендiгi сөз болды. «Бұлттарға айтыңдаршы, құстар» шығарма сайысында туған өлкенiң сұлулығы, қоршаған ортаны қорғау, автокөлiктердiң атмосфералық ауаны ластауы туралы мәселелердi оқушылар өлеңмен өрнектеп бердi.

Қазылар алқасының шешiмiмен «Бұлттарға айтыңдаршы, құстар» тақырыбы бойынша I орынды Бәйдiбек ауданынан келген Гүлжауһар Бажақай иеленсе, «Өмiр тамшысы» тақырыбында өткен сайысы бойынша шымкенттiк Ақгүлiм Ақжол жеңiмпаз деп танылды.