Шымкентте «Ордабасы» мен «Атырау» командаларының жанкүйерлері төбелесіп қалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан Премьер лигасының (ҚПЛ) 24 туры аясында шымкенттік «Ордабасы» командасы өз алаңында «Атырау» футбол клубын қабылдаған болатын. Алаң иелерінің пайдасына шешілген кездесуден соң шымкенттік жанкүйерлер мен атыраулықтар төбелесіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Жанкүйерлердің бір-біріне жұдырық ала жүгіргені түсірілген видео INSTAGRAM әлеуметтік желісінде жарияланған. Алайда оқиғаның қалай аяқталғаны белгісіз.
Дегенмен видеоны көріп шыққан оқырмандар әр түрлі пікір білдірген. Облыстың ІІД әзірге қандай да бір мәлімет таратпады. Атыраулық жанкүйерлердің қаншалықты жапа шеккені туралы ақпарат жоқ.