Шымкентте осы аптадан жаңа басқармалар құрылады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қалалық мәслихаттың кезекті XXXII сессиясы өтті. Онда шаһар басшысы Ғабидола Әбдірахымов алдағы бірқатар жоспарларымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімінің сөзіне қарағанда, осы аптадан бастап қаланың жаңа басқармалары құрылып, қала әкімінің орынбасарлары тағайындалады.
«Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Біз де Астана, Алматы қаласымен барлық жағынан сәйкес болуымыз керек. Астана қаласының әкімдігімен меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Біздің қызметкерлер елордалық әріптестерімен сәулет, жол салу, аулаларды абаттандыру мәселелері бойынша тәжірибе алмасып қайтады. Негізінен, бізде ресурс бар. Тек қана жұмыс істеу қажет. Елбасының тапсырмасын орындауға барлық күш-жігерімізді саламыз», - деді қала әкімі.
Сондай-ақ, жиында шаһардың өткен 2017 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың есебі тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, жыл қорытындысымен өзіндік кірістер жоспары 104,7 пайызға артығымен орындалған. Шығыстар бөлігінің нақтыланған жоспары да 99,9 пайызға тең. Мәслихат отырысында бұдан өзге қалалық білім, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімі басшылары мен төрт аудан әкімдігінің жұмысы тыңдалды. Қаладағы ауызсу, электр, табиғи газбен қамтамасыз ету, кәріз жүйелері, жылу жүйелеріндегі негізгі жұмыстардың атқарылу барысы сөз болды.
Фото: shymkent.gov.kz