Шымкентте отандық тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының өкілдігі кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір жолын ойлап тапты. Палата мамандары «Дүниежүзілік отандық өнім» күнімен орайластырып, отандық өнімдердің жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкентте отандық тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өтті

Жәрмеңкедегі бағалар нарықтағыдан 20 пайызға төмен болды. Оған қатысқан 50- ге жуық компания қала тұрғындарына азық-түлік, тұрмыстық заттарды ұсынды. Мәселен, саудаға қойылған күнделікті тұтынатын жуаның бір келісі 60 теңгеден сатылса, жергілікті алманың құны 200 теңгенің төңірегінде болды. Ұйымдастырушылар осындай шаралар арқылы кәсіпкерлердің өнімін таныстырып, оған деген сұранысты арттырмақ. Ендігі жерде палата ай сайын екі рет осындай жәрмеңке ұйымдастырамыз деп отыр. Себебі, оңтүстіктен шыққан өнімдерді сатып алу арқылы ел экономикасын өркендету - баршаға ортақ іс саналады.

«Бұл жерде үлкен компаниялардан бастап кішігірім кәсіпорындар да қатысуда. Бағалары нарықтағыдан төмен. Сол бағаларда сатылып жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай компаниялар саудаға қойған тауарлардың түрлері өте көп. Көп болған соң, алушы да таңдау жасай алады»,- дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлік палатасының маманы Айдана Бейсебекова.