Шымкентте Өзбекстанмен бірлескен тоқыма өнімдерінің көрмесі өтуде
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласында «Оңтүстік Қазақстан-Өзбекстан» тоқыма өнеркәсібі өнімдерінің көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онда тоқыма, киім және теріден жасалған өнімдер, фармацевтика, жиһаз, сувенирлер, спорттық тауарлар мен ойыншықтар өндіретін оңтүстікқазақстандық және өзбекстандық 60-қа жуық кәсіпорындар қатысуда.
Бауырлас халықтар арасында ұйымдастырылған көрме жұмысымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев танысып, екі елдің өзара ынтымақтастық қарым-қатынасының және сауда - экономикалық байланысының бұдан әрі дами түсетініне сенім білдірді.
Екі күнге жалғасатын шара - Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан арасындағы өзара ынтымақтастық пен бауырластық қатынастарды орнатуға бағытталған тағы бір қадам болып саналады. Қазіргі таңда екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы сауда айналымының көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетсе, оның 30 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Яғни, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанмен сыртқы тауар айналым 16,8 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде сәйкесінше экспорт - 252,8 млн АҚШ долларын , импорт - 369,8,8 млн АҚШ долларына жетті.
Бұдан бөлек, осы күндер ішінде Өзбекстанның Қазақстандағы күндері аясында жоспарланған іс-шаралар аясында кәсіпкерлер мен инвесторлардың қатысуымен «Аймақтық ынтымақтастық және интеграция: өткізу нарығын кеңейту арқылы екі елдің кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Бүгінгі таңда оңтүстік өңіріндегі мыңнан астам кәсіпорындар мен мекемелер сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және құрылыс материалдары, медицина және білім саласында Өзбекстан кәсіпкерлерімен табысты ынтымақтастық ортантқан.
Айта кетейік, аймақта 2 ірі кілем фабрикасы мен дайын өнім шығарудан шикі мақта өсіруден матаға дейінгі жабық циклін жүзеге асыратын «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйымдары мен арнайы киім тігетін фабрикалары іске қосылған.
