Шымкентте пәтер тонап жүрген қылмыстық топ 8 млн теңгенің затын ұрлаған

Қылмыстық топты құрықтауға тұрғындардың арызы себеп болған. Атап айтқанда Абай аудандық полиция бөліміне қала тұрғыны келіп, белгісіз біреулердің пәтерін тонап кеткенін айтқан. Ұрылар терезедегі темір торларды бұзып, 400 мың теңгенің алтын бұйымдары мен үйде тұрған ақшаны алып кеткен. Дәл осы тектес арыздар полицияға бірнеше азаматтан түскен.
Жедел іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар деген үш күдіктіні қолға түсірді. 23,25 және 27 жастағы сезіктілердің облыс орталығында тұратындығы және бұрын сотталғандығы белгілі болды. Тергеу барысында ұсталғандардың екі ай көлемінде пәтерлерді тонап, үй иелеріне миллиондаған шығын келтіргені анықталды. Олар қылмыстарын негізінен күндіз жасап келіпті. Жекелеген үйлерге түрлі кілттермен кіріп, тұрмыстық техника, алтын бұйымдар мен ақшаларды ұрлап отырған. Кейіннен «олжаларын» сатып, қажеттіліктеріне жартқан.
Қазіргі таңда күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 188 бабы «Тонау» әрекеті бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.