Шымкентте пәтерлердің бірінде шыққан өрт 10 жасар баланың өмірін қиып кетті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте пәтерлердің бірінде өрт шығып, 10 жастағы бала көз жұмды. Өңірдің тәртіп сақшылары жектіншекті өзін өзі өлтірген деп болжауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайғылы жағдай қаладағы 18-ші мөлтекауданда болған. Пәтерлердің бірінде газ шығып, соңынан от тұтанған. Үйінде жалғыз қалған бала сол түтінге тұншығып, есінен танып қалады. Жалынды көрген көршілері дереу өрт сөндірушілер мен жедел жәрдемді шақыртқан. Алайда дәрігерлер баланы аман алып қала алмады. Ол ауруханаға барар жолда жантәсілім етті. Қазір Еңбекші аудандық полиция бөлімі аталған жайт бойынша «Өзін өзі өлтіруге жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғады. Себебі оқиға орнында баланың өз өзін өлтіруге оқталуына ұқсас көрніс анықталған. Біреулер жеткіншектің «Көк кит» ойынына кіріп кеткені туралы да айтуда. Қалай болғанда да қайғылы жағдай бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. Тәртіп сақшылары баланың ұялы телефонынан бастап, барлық компютерлік құралдарына сондай-ақ денесінде дақтар бар ма жоқ па, сол жағына да тиісті сараптамалар тағайындалғанын айтады. Соның қорытындысы бойынша жеткіншектің өлімінің себептері белгілі болмақ.