Шымкентте ПИК-терді басқарудың ілкі жобасы бойынша алдын ала жұмыстар басталды
АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Шымкентте Пәтер иелері кооперативін (ПИК) басқарудың ілкі жобасы бойынша алдын ала жұмыстар басталды.
Бұл туралы бүгін Bnews.kz порталы арқылы өткен онлайн-конференция барысында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі департаментінің директоры Василий Маслов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта еліміздегі ПИК-тер өз беттерінше штатқа адам қабылдап, үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл орайда олардың басым бөлігінің біліктілігі төмен болатыны да шындық. Ал әлемдік тәжірибеде ПИК-тер ешқандай жөндеу жұмыстарымен айналыспайды. Олардың міндеті - тұрғындардың өздері шешім шығаруы үшін қажетті ақпараттарды жинап, оны дұрыс рәсімдеп, тапсырыс беруші рөлін ғана атқару.
Әлемдік осы тәжірибені назарға алған ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Шымкентте ПИК-терді басқарудың ілкі жобасы бойынша алдын ала жұмыстарды бастап отыр.
«Егер бұл үлгі оң нәтиже көрсетсе, онда оны бүкіл елде таратуға мүдделіміз. Бұл әкімшілік шаралармен жүзеге аспайды. Өйткені меншік иелерінің жалпы жиналысы ғана шешім қабылдауға құқылы», - деді В.Маслов.